Алматы прокурорлары ҚАЖД қызметкерлеріне азаптаудың алдын алу бойынша лекция өткізді
Алматы прокурорлары ҚАЖД қызметкерлеріне азаптаудың алдын алу бойынша лекция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылы Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғаны белгілі. Сондай-ақ Президент азаптау сияқты ортағасырлық құбылыстарды түбірімен жою қажеттігін баса айтып, аталған заң арқылы азаптаудың алдын алу іс-шараларын күшейтуді тапсырған болатын.
Осы заң талаптарын сақтауды насихаттау аясында жуырда Алматы қаласының прокурорлары Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінде болып, жеке құрам арасында азаптауға қарсы тақырыпта лекция өткізді.
Лекция барысында олар елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында азаптау мен қорлау түрлерін жою, сондай-ақ түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеу жөніндегі атқарылып жатқан іс-шараларға тоқталды. Сондай-ақ лекция барысында азаптауға қарсы қылмыстық жауапкершіліктің бұрыннан да бар екеніне, ал аталған заң бойынша азаптау үшін қылмыстық жауапкершіліктің қатаңдатылғанын да тілге тиек болды.
Алматы қаласы прокурорлары өткізген лекцияда Алматы қаласы бойынша ҚАЖД жеке құрамының назарына азаматтардың құқығын қорғау саласындағы нормативтік заң актілерін қатаң сақтау қажет екені жеткізілді.