Алматы облысында құқық қорғау және сот органдарының өзара іс-қимылы семинарда талқыланды
Алматы облысында құқық қорғау және сот органдарының өзара іс-қимылы семинарда талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының орталығында құқық қорғау органдары мен соттың өзара іс-қимылы және тәжірибеде кездесетін мәселелерді шешу жолдарына арналған семинар-кеңес өтті.
Семинарға Алматы облыстық сотының, мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының басшылығы мен судьялары, облыс прокуратурасының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, Ұлттық қауіпсіздік, полиция және экономикалық тергеу департаменттерінің өкілдері қатысты. Күн тәртібінде тергеу шаралары, тергеу аясындағы іс-қимылдарды санкциялау, қамауда ұстау және құқықтық нормалар аясында шешу қажет мәселелер қарастырылды.
Семинар барысында талқыланған негізгі мәселелердің бірі — тергеу әрекеттерін санкциялау және қамауда ұстау тәртібі болды. Қатысушылар әр істің ерекшеліктерін ескере отырып, санкция беру кезінде барлық құқықтық нормаларды қатаң сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Тергеу процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғау және құқық қорғау органдарының әрекетіне шағымдану тетіктері де кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар ведомстволар арасындағы тиімді өзара іс-қимылды нығайту, даулы мәселелерді шешу және жедел ақпарат алмасудың бірыңғай тетіктерін әзірлеудің маңыздылығы назардан тыс қалған жоқ.
Семинар тәжірибе алмасу алаңы ретінде ғана емес, құқық қорғау және сот органдарының жұмысын жетілдіру бойынша маңызды тетіктерді талқылауға мүмкіндік берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара сот және құқық қорғау органдары арасында іс жүргізу тәжірибесін жетілдіру мен азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған ашық диалог орнатуға ықпал ететін маңызды алаңға айналды.