Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында есірткі қылмысы мен мас күйде көлік басқаруға қарсы күрес күшейтілді

Алматы облысында есірткі қылмысы мен мас күйде көлік басқаруға қарсы күрес күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асыру аясында Алматы облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы патрульдік полиция батальонымен бірлесіп кешенді профилактикалық іс-шаралар өткізуде.

Алматы облысы ПД бастығы Мейрам Әбікеевтің айтуынша, аталған шаралардың негізгі мақсаты – қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, есірткі қылмыстарын анықтап, жолын кесу, сондай-ақ көлік құралдарын есірткілік немесе алкогольдік масаң күйде басқару деректерінің алдын алу. Бұл ретте ауыр зардаптарға әкелетін жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударылып отыр. Мас күйдегі жүргізушілерді дер кезінде анықтау азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерді азайтуға мүмкіндік береді.

Қызметтік іс-шаралар барысында жеке құрамның саптық жиындары ұйымдастырылып, жедел ахуал туралы мәліметтер жеткізіледі. Сонымен қатар қызметкерлерге заңнама талаптарын қатаң сақтау және "Заң мен тәртіп" қағидаттарын басшылыққа алу жөнінде нұсқамалар беріледі.

Бұдан бөлек, автокөлік құралдарын тексеру жұмыстарына кинологиялық қызметтің арнайы үйретілген иттері тартылуда. Бұл тәсіл есірткі заттарының заңсыз айналым арналарының жолын кесуге, оларды дер кезінде анықтауға және халық арасында таралуының алдын алуға бағытталған.

Полиция өкілдері "Заң мен тәртіп" қағидатын жүйелі түрде жүзеге асыру азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру