Алматы облысының тұрғыны ауылдасының 12 млн теңге тұратын жылқыларын ұрлаған
Алматы облысында полиция жайылымнан 14 жылқыны ұрлады деген күдікке ілінген тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 7 қараша күні 39 жастағы жергілікті тұрғын 14 жылқының жоғалып кеткенін мәлімдеген кезде белгілі болды.
– Келтірілген шығын 12 миллион теңгені құрады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды, – деп атап өтті Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Данияр.
Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері «ізін суытпай» күдіктінің жеке басын анықтды, ол жәбірленушінің ауылдасы болып шықты.
– Күдікті ұрланған жылқылардың бір бөлігін сатып үлгерген. Қазіргі уақытта жәбірленушіге жылқылардың қалғаны қайтарылды, ал ұрланған малды сатып алушыға қатысты тексеру жүргізілуде, – деп толықтырды А.Данияр.
Күдіктіге қатысты сот қамауда ұстау шарасын белгіледі. Полиция ер адамның осыған ұқсас басқа қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеруде. Тергеу жалғасып жатыр.