Ақмола облысы бойынша ҚАЖД қызметкері республикалық шахмат турнирінде жеңімпаз атанды
Ақмола облысы бойынша ҚАЖД қызметкері республикалық шахмат турнирінде жеңімпаз атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ұйымдастырған шахматтан республикалық онлайн турнир өз мәресіне жетті. Бұл зияткерлік жарысқа елдің әр өңірінен ҚАЖД қызметкерлері қатысып, спорт пен ой-өрісті ұштастыра отырып, үздіктерді анықтады.
Турнирдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, шахматты дамыту және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің стратегиялық ойлау мен жылдам әрекет ету дағдыларын шыңдау. Сонымен қатар, жарыс өңіраралық спорттық байланысты нығайтуға бағытталды.
Жас ерекшелігіне шектеу қойылмаған сайысқа саладағы тәжірибелі қызметкерлермен қатар, қызметке енді қосылған жас мамандар да қатысты. Жарыс алдында қатысушылар өңірлік іріктеу кезеңінен өтіп, өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алды. Бұл іріктеу турнирлер республикалық деңгейдегі жарысқа берік негіз қалыптастырды.
Онлайн турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаз атағын Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің Зеренді аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Сауран Еркеғали иеленді.
– Шахмат – шынайы зияткерлік ойын. Ол ойыншыдан шоғырлануды, алдағы бірнеше қадамды болжауды, тәуекелге бел буып, интуицияға сүйенуді талап етеді. Шахмат партиясы – өздігінен бірегей эксперимент. Мұнда түрлі идеялар туындап, олар кейде батылдық пен үлкен тәуекелге негізделеді. Бұл ойында ең бастысы – ақыл-ой мен тапқырлыққа сену, – дейді ол.
Енді Сауран Еркеғали онлайн турнирде жүлделі орындарға ие болған әріптестерімен бірге ҚАЖ комитетінің намысын қорғайтын болады. Олар құқық қорғау органдарының, арнайы және қауіпсіздік құрылымдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері арасында өтетін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің кубогына арналған шахматтан ашық республикалық турнирде бақ сынайды.
Бұл жеңіс – тек жеке жетістік қана емес, сонымен бірге қызметкерлердің білімге құштарлығы мен табандылығының айқын көрінісі.