Бес жылдан бері алкогольдік ішімдіктен бас тартқан Құрылыс ауылы
Атырау облысының Индер ауданында орналасқан Құрылыс ауылы құқықтық тәртіп пен тыныштықтың жарқын үлгісі ретінде танылып келеді. Соңғы бес жыл ішінде тұрғындары алкогольді ішімдіктерден мүлдем бас тартып, салауатты өмір салтын ұстануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нәтижесінде ауылдағы дүкендерде алкогольді өнімдер сатылмайды. Тұрғындардың келісімімен қолға алынған бұл бастама мас күйінде жасалатын құқық бұзушылықтарды азайтып, соңғы бір жылда ауылда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Мұндай шешім қоғамдық тәртіпті сақтауға айтарлықтай әсер етіп, қауіпсіздік деңгейін арттырған.
Ауылдың учаскелік полиция инспекторы Исатай Жасталапұлының айтуынша, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы мен қоғамдық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлуі Құрылыс ауылының өркендеуіне оң ықпал етуде.
– Ауылда 113 үй бар, халық саны – 700 адам. Мұнда алкогольді өнімдерді тұтынатын жастар да, үлкендер де жоқ. Сондықтан құқық бұзушылықтар тіркелмейді. Бұл – ақсақалдардың тәрбиесі мен ауыл жастарының ұйымшылдығының нәтижесі. Тіпті отбасылық жанжалдар да болмайды. Ауыл тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады, жайылымдар қауіпсіз әрі бейбіт жағдайда, – дейді инспектор.
Ауылдағы азық-түлік дүкендерінің иелері де тұрғындардың денсаулыққа зиянды өнімдерден бас тартқанын қуана атап өтеді. Мұнда көшеде мас күйінде жүрген адамдарды кездестірмейсіз. Барлық тұрғын еңбекпен айналысып, өз шаруаларына ұқыптылықпен қарайды.
Құрылыс ауылының құқықтық тәртібін сақтауда құқық қорғау органдары мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысы маңызды рөл атқаруда. Әсіресе, полицияның тұрғындармен тығыз байланысы мәселелерді уақтылы анықтап, шешуге көмектеседі. Бұл тәжірибе басқа ауылдар үшін үлгі болары сөзсіз.
Құрылыс ауылының тұрғындары салауатты өмір салтын ұстанып, тәртіпті сақтаудың арқасында өздерін қауіпсіз әрі жайлы ортада сезінеді. Бұл – бірліктің, тәрбиенің және ортақ жауапкершіліктің нәтижесі.