Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысында 12 мыңнан астам оқушы есірткіге қарсы акцияға қатысты

Ақмола облысында жасөспірімдермен жұмыс жаңа деңгейге көтерілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қараша айында Ақмола облысында 12 мыңнан астам оқушы есірткіге қарсы алдын алу жұмыстарына тартылды. Құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі – жасөспірімдерді есірткіге қатысты құқықтық жауапкершілік туралы ақпараттандыру және оларды есірткі ортасына тартудың алдын алу. Осы мақсатта ювеналды полиция қызметкерлері мен мүдделі мемлекеттік органдар күн сайын нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыруға бағытталған түрлі шаралар өткізуде.

Іс-шаралар кешені дәрістер, әңгімелесулер, конкурстар, бұқаралық спорттық және ойын-сауық бағдарламаларын қамтиды. Қараша айында «Ақмола – есірткісіз өңір» ұранымен 85-тен астам алдын алу шарасы ұйымдастырылып, облыстың барлық өңірлері қамтылды. 20 акция барысында облыс туы бір ауданнан екінші ауданға табысталып, жастардың ынтымақтастығы мен белсенділігі дәріптелді.

Жасөспірімдер арасында спорттық турнирлер де танымал болды. Футбол мен кикбоксинг жарыстары салауатты өмір салтын насихаттаудың тиімді құралына айналды. Шығармашылық бағыттағы жастар үшін «Зерделі ұрпақ» үкіметтік емес ұйымымен бірлесіп «Есірткісіз әлем» би байқауы өткізілді.

Дәстүрлі дәрістер мен әңгімелер жастардың есірткі мәселесіне қатысты саналы көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті. Мектептер мен колледждерде «Есірткіні жасырын салу» деректі фильмі көрсетіліп, оның әсерінен терең пікірталастар өтті. Фильмнің көрермендерге қалдырған әсері эссе жазу және «Менің қарсы дәлелім» тақырыбындағы ең үздік ақпараттық жазба байқауларын ұйымдастыруға негіз болды.

Ақмола облысында өскелең ұрпақты ақпараттандыру және есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру жұмыстары жалғаса бермек. Бұл игі бастама жастардың санасында салауатты болашаққа деген сенімді нығайта түсері анық.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру