78 жастағы әжей полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді
Қызылорда қаласында 78 жастағы ардагер Ұзипа Қабақбаева полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға таңертең болған. Әжей жәрмеңкеде көкөніс таңдап жүріп, алтын жүзігін жоғалтып алғанын байқайды. Сақинасының жоғалғанына алаңдаған Ұзипа апай бірден полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
Жергілікті полиция басқармасының учаскелік инспекторы Жандос Абдраманов және патрульдік батальонның инспекторлары Руслан Кеңесбай мен Сағадат Нұрмаханов жедел әрекет етіп, іздеу жұмыстарына дереу кіріседі. Жоғалған алтын сақина көп ұзамай табылып, иесіне қайтарылды.
Тәртіп сақшыларының кәсібилігі мен жылдамдығына тәнті болған Ұзипа апай ризашылығын білдірді.
– Полиция қызметкерлеріне адал еңбектері үшін алғыс айтамын. Осындай қиын сәтте көмек қолын созғандары мен жедел әрекет еткендері үшін риза болдым, – деді.
Әжейдің қызы да полицейлердің еңбегін ерекше атап өтті.
– Қызылорда қаласының полиция қызметкерлеріне отбасымыздың атынан алғысымызды білдіреміз. Олар жоғалған затты тауып, анамызды үйіне дейін жеткізіп, үлкен көмек көрсетті. Мұндай адалдық пен жауапкершілік көпке үлгі, – деп пікірін жеткізді.
Айта кету керек, полиция әрдайым тұрғындарға қол ұшын созуға және қиын жағдайда көмек көрсетуге әзір. Бұл оқиға – олардың кәсібилігі мен халыққа деген шынайы қамқорлығының айқын дәлелі.