Қауіпсіз өткел: Қызылордадағы мектеп оқушыларының амандығын күзеткен тәртіп сақшылары
Оқу жылы кезеңінде балалардың жол қауіпсіздігі мәселесі ерекше маңызға ие. Күн сайын мыңдаған оқушы мектепке барар жолда түрлі көшелер мен жаяу жүргіншілер өткелдерін кесіп өтеді. Осындай сәттерде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы бағытта Қызылорда қаласының полицейлері білім беру ұйымдарының маңында күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Әсіресе таңғы уақыт пен сабақ аяқталғаннан кейінгі қарбалас кезеңде патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілер өткелдерінде кезекшілік етеді. Олар көлік қозғалысын реттеп қана қоймай, балаларға жолды қауіпсіз кесіп өтуге көмектесіп, жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау қажеттігін үнемі ескертіп отырады.

Сонымен қатар профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Тәртіп сақшылары мектеп оқушылары арасында түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, жолда өзін қауіпсіз ұстау мәдениетін қалыптастыруға айрықша көңіл бөледі. Жүргізушілерге де білім беру ұйымдары маңында жол қозғалысы ережелерін бұзудың жауапкершілігі кеңінен түсіндірілуде. Мұндай кешенді шаралар балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.

– Полиция қызметкерлерінің қоғамдық орындарда болуы жол қозғалысына қатысушылардың тәртібіне оң ықпал етеді. Жүргізушілер барынша мұқият болады, ал балалар өздерін қауіпсіз сезінеді. Біздің басты мақсатымыз – әрбір баланың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыс ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді, – дейді Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов.
Балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік. Жаяу жүргіншілер өткелдерінде ұйымдастырылған патрульдік қызмет – осы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі. Тәртіп сақшыларының күнделікті еңбегінің арқасында балалар үшін мектепке апарар жол барған сайын қауіпсіз әрі сенімді бола түсуде.

