Қызылорда облысы ПД қызметкерлері республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті
Қызылорда облысы ПД қызметкерлері республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлерін арнайы қабылдап, құттықтады.

Кездесу барысында департамент бастығы қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен спорттағы жетістіктерін ерекше атап өтіп, олардың ел намысын қорғаудағы және құқық қорғау саласындағы абыройлы еңбегіне жоғары баға берді.
27-29 наурыз аралығында Қонаев қаласында өткен Қазақстан Республикасы Кубогы аясындағы карабинмен ату бойынша "Open Kalashnikov" және "Semi-Auto Open" санаттарындағы жарыста арнайы жасақ қызметкерлері жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, "Semi-Auto Open" санатында Айдана Айтбаева екінші орын Бақыткүл Самратова бірінші орын иеленді. Ал "Open Kalashnikov" санатында Моншақ Қарлыбай екінші орын, Лаура Төлекова бірінші орынға қол жеткізді.

Сонымен қатар Түркістан облысында өткен қазақ күресінен Қазақстан Республикасы Кубогында полиция қызметкерлері Айжан Болат пен Ғайни Нұрмахан үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орын иегері атанды.
Ал 1-3 сәуір күндері Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасы ІІМ чемпионатында қызылордалық полицейлер тағы да жоғары деңгейде өнер көрсетті. Жекелей сында 74 келі салмақ дәрежесінде Руслан Беркімбай үшінші орын, 100 келі салмақта Ақылбек Серік екінші орын иеленді. Ал 82 келіде Дінмұхамед Алтай мен 90 келіде Еңбек Сақтағанов бірінші орыннан көрінді.
Командалық есепте екінші орынға қол жеткізуге қосқан үлесі үшін взвод командирі Ержан Абдуллаев марапатталды.
Кездесу соңында департамент бастығы жеңімпаздарға алғыс білдіріп, алдағы қызметтеріне табыс пен жаңа жеңістер тіледі.
