Кинологтың бір күні: иісшіл иттерді қызметке кімдер үйретеді?
ІІМ көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері еліміздің әуе және теміржол көлігі нысандарында қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Соның ішінде бас қаламыз Астанадағы теміржол вокзалында қауіпсіздік тәулік бойы қатаң бақылауда болады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолаушылар легі үздіксіз ағылатын стратегиялық нысанда қызметтік иттер – Додди мен Ирга қауіпті заттарды анықтап, құқық қорғау органдарына үлкен көмек көрсетіп келеді. Олардың әрқайсысы өз бағыты бойынша арнайы дайындықтан өткен және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерекше маңызға ие. Олардың жоғары деңгейде жұмыс істеуі, ең алдымен арнайы даярлықтан өткізіп, күнделікті күтім жасайтын кинолог мамандардың қажырлы еңбегіне байланысты.

Кинолог – қызметтік иттерді дайындайтын және олармен бірге жұмыс істейтін маман. Оның негізгі міндеті – иттің қабілетін дұрыс бағытта дамытып, нақты тапсырмаларды мүлтіксіз орындауға үйрету. Бұл тек кәсіби машық қана емес, ит пен адам арасындағы ерекше сенімге негізделген жұмыс.
– Бұл – контакт деп аталады. Қызметтік ит сенің серігіңе, тіпті ең жақын досыңа айналады. Онымен күн сайын бірге жұмыс істеп, өзара сенім мен түсіністік қалыптастырасың. Ит сенің көңіл күйіңді де сезеді, әр қимылыңа бейімделеді, – дейді көліктегі полиция департаменті кинология қызмет орталығының кіші инспектор-кинологы Қуаныш Байпақбай.
Осындай сенім мен жүйелі жаттығудың арқасында қызметтік иттер қауіпті жағдайлардың алдын алуда жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
Бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі нақты көрсеткіштерден де байқалады. Қазіргі таңда көліктегі полиция департаментінің кинология қызмет орталығында 30-дан астам қызметтік-іздестіру иті бар. Олар күн сайын теміржол және әуе көлігі нысандарында, соның ішінде вокзалдарда, жолаушылар пойыздарында және пошта нысандарында тексеру жұмыстарын жүргізеді.
Жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен ондаған есірткі құқық бұзушылығы анықталған. Заңсыз айналымнан 5 келіден астам түрлі есірткі заты тәркіленген. Бұл – қызметтік иттердің қырағылығы мен кинологтардың кәсіби дайындығының нақты нәтижесі.

Кинологтардың айтуынша, қызметтік иттердің жоғары нәтижемен жұмыс істеуі олардың күнделікті күтімі мен денсаулығын бақылауға да тікелей байланысты. Мәселен, бөлімде арнайы ветеринар жұмыс істейді, ал күтуші аптасына екі рет иттерді шомылдырып, күніне екі рет тамақтандырады. Әр таң сайын ветеринар иттердің денсаулығын тексеріп, қызметке жарамдылығын бағалайды. Қызметтік ит алдымен күтушінің қарауынан, кейін ветеринарлық тексерістен өтеді. Оның тазалығы, күтімі, тері жағдайы мен жалпы физикалық күйі мұқият тексеріледі. Тек осыдан кейін ғана төртаяқты дос қызметке жіберіледі. Сонымен қатар барлық қызметтік ит сапалы азықтармен қоректенеді.
– Иісшіл иттер әдетте 8 жасқа дейін қызмет еткен соң зейнетке шығарылады. Егер осы мерзімге келгенде иттің еңбекке қабілеттілігі мен қызметке жарамдылығы жақсы болса, арнайы акт жасалып, жан-жақты тексеруден өтеді. Соның нәтижесінде қызмет мерзімі тағы 2 жылға ұзартылып, жалпы 10 жасқа дейін жетуі мүмкін, – дейді кинолог Қуаныш.
Додди: жарылғыш заттарды анықтайтын серік
Додди – 7 жастағы жарылғыш заттарды іздеуге маманданған қызметтік-іздестіру иті. Оның жүйке жүйесі сангвиник типіне жатады, яғни ол белсенді, сергек және жұмысқа бейім. Ит тек өз кинологымен жұмыс істейді, себебі маман оны күшік кезінен бастап өзі тәрбиелеп, арнайы дайындаған.

– Доддимен бірге мен күшік кезінен бастап Австрия Республикасында 3-4 ай бойы оқып, жаттықтым. Оқу барысында оны өзім үйретіп, бірге дайындықтан өттік. Кейін қосымша жетілдіру курстарынан өтіп, дағдыларды толық автоматты деңгейге жеткіздік, – дейді Қуаныш Байпақбай.
Доддидің жұмысы ең маңызды міндеттің біріне жатады. Ол жарылғыш заттың иісін сезген сәтте қозғалысын тоқтатып, сол бағытқа қарап белгі береді. Бұл нақты қауіп сигналы. Мұндай жағдайда бірден арнайы алгоритм іске қосылады: аумақ қоршалып, адамдар эвакуацияланады, содан кейін саперлермен бірлесіп залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
Әдетте бір жүкті тексеру шамамен 5 минут уақыт алады. Тексеру барысында кинолог пен иттің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіледі. Додди күн сайын вокзал аумағында жүргізілетін тексерістерге қатысып, қауіптің алдын алуға үлес қосып келеді.
Ирга: тыйым салынған заттарды анықтаудағы қырағы көмекші
Ирга – 5 жастағы есірткі заттарын анықтауға үйретілген қызметтік ит. Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор-кинологы Нұрлан Арматовтың сөзінше, Ирганың мінезі байсалды болғанымен, жұмыс кезінде өте сергек әрі шапшаң. Ол кинологтың дауыс арқылы да, ым-ишарамен берген командаларын да дәл әрі кідіріссіз орындайды. Күнделікті жүйелі жаттығулар мен бірлескен жұмыс олардың арасындағы сенімді нығайтып, өзара түсіністікті жоғары деңгейге жеткізген.

Ирга адамдар көп шоғырланған орындарда да абыржымай, өз міндетін қателіксіз орындайды. Ол бөтен иістердің арасынан қажеттісін ажырата біледі және ұзақ уақыт бойы шаршамай жұмыс істеуге бейім.
– Ирга күдікті иісті сезген кезде арнайы қимылмен белгі береді. Әдетте ол сол жерге назар аударып, тоқтай қалады немесе белгілі бір қалыпта отырады. Осыдан кейін біз қосымша тексеру жүргізіп, қажет болған жағдайда тиісті қызметтерді шақырамыз. Оның дәлдігі мен сезімталдығы біз үшін өте маңызды, – дейді Нұрлан.
Кинологтың сөзінше, мұндай нәтижеге жету үшін ит пен маман арасында тұрақты байланыс пен сенім болуы шарт. Сондықтан әр жаттығу мен қызметтік тапсырма олардың кәсіби үйлесімін арттыруға бағытталған.

Кинологтың сөзіне сүйенсек, Ирганың көмегімен бірнеше рет заңсыз есірткі тасымалдау әрекеті анықталған. Тіпті бір жағдайда көзге еш күдік тудырмаған шағын сөмкенің ішінен тыйым салынған зат табылған. Әдетте бір жүкті тексеру 1-2 минутқа созылады. Дегенмен жағдайға байланысты уақыт өзгеруі мүмкін. Қазіргі таңда Ирга жолаушыларды, олардың жүктерін және пойыздарды тексеруге белсенді қатысып жүр.
Қауіпсіздік – ортақ міндет
Теміржол вокзалындағы қауіпсіздік тек мамандардың ғана емес, әрбір жолаушының жауапкершілігіне де байланысты. Сондықтан мұнда тексерулер тұрақты түрде жүргізіледі: кейде күнделікті режимде, кейде жоспарлы рейдтер аясында. Сондықтан жолаушылардың да қарапайым қауіпсіздік талаптарын үнемі сақтауы аса маңызды.
Кинологтардан кеңес:
– бейтаныс адамдардан ешқандай зат, сәлемдеме немесе аманат қабылдамау;
– жеке заттарды қараусыз қалдырмау;
– әрдайым қырағы әрі сабырлы болу;
– тексеру кезінде қызметкерлердің талаптарын орындау;
– күмәнді жағдай байқалса, бірден полиция қызметкерлеріне хабарлау;
– қандай да бір сұрақ туындаса, вокзал қызметкерлеріне немесе анықтама бөліміне жүгіну.
– Жолаушылар заттарын қараусыз қалдырса, бізге күрделі тексеру жүргізуге тура келеді. Полиция аумақты қоршап, барлық иесіз затты тексереді, – дейді Қуаныш Байпақбай.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек арнайы қызметтердің міндеті емес. Бұл – баршамызға ортақ іс.
Әр жолаушы қарапайым ережелерді сақтай отырып, қауіпсіз орта қалыптастыруға өз үлесін қоса алады. Ал көлік полицейлері мен қызметтік иттер сол қауіпсіздіктің сенімді күзетінде қала береді.
Авторы: Аружан ОРАЗБАЙ
Суреттерді түсірген: Аружан АРДАҚҚЫЗЫ
