Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі тергеушілердің үлесі
6 сәуір – елімізде тергеу органдары қызметкерлерінің күні. Бұл дата Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі алдын ала тергеу органдарының құрылғанына орай белгіленген. Атаулы күні қылмыстарды ашып, әділдіктің салтанат құруына үлес қосып жүрген тергеушілер құттықтаулар қабылдайды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Мейірхан Аманжол тергеу саласында он жылдан бері табанды еңбек етіп келеді. Мектеп қабырғасын тәмамдаған соң ол Қарағандыдағы ІІМ академиясына оқуға түсіп, кейін жолдамамен тергеу бөліміне қызметке орналасқан. Айтуынша, бұл мамандыққа деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан.
– Тергеуші болуды армандадым. Себебі бұл жұмыс әрбір деректі мұқият зерттеп, дәлел іздеуді талап етеді. Тергеушінің қызметі – қылмыстың «пазлын» құрастырумен тең. Ол оқиға орнын қарап, айғақтарды тіркейді, жәбірленушілер мен куәлардан жауап алады, сараптамалар тағайындайды, күдіктінің кінәсін дәлелдеуге қажетті құжаттарды жинақтайды. Алайда бұл жұмыс кинодағыдай қуғын-сүргінге толы емес, керісінше, ұқыптылық пен терең талдауды қажет ететін күрделі үдеріс, – дейді Павлодар қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі Мейірхан Аманжол.
Оның айтуынша, тәжірибеде көбіне адамға қарсы және мүлікке қарсы жасалған қылмыстар кездеседі. Атап айтқанда, ұрлық пен денсаулыққа ауыр зиян келтіру деректері жиі тіркеледі. Соңғы уақытта, әсіресе, интернет-алаяқтыққа қатысты арыздардың саны артып келеді.
Әріптестері Мейірханның кәсіби біліктілігі мен ұқыптылығы оның тек тергеу барысында ғана емес, жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беруде де айрықша рөл атқаратынын айтады.
– Мейірхан – тәжірибелі маман әрі сенімді әріптес. Ол мен үшін аға тәлімгер іспетті. Қандай да бір түсініксіз жайт туындаса, әрдайым оған жүгінемін. Ол дұрыс шешім қабылдауға бағыт-бағдар беріп, көмектеседі, – дейді Павлодар қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі Алдияр Қабимулла.
Кәсіби мереке күні де тергеу бөліміндегі жұмыс бір сәтке де толастамайды. Тергеушілерді жаңа шақыртулар, жауап алулар мен әлі де зерттелуі тиіс айғақтар күтіп тұр. Өйткені олардың басты міндеті – әр істің ақиқатын ашып, заң үстемдігін қамтамасыз ету.
