Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда студенттермен нашақорлық пен вандализмнің алдын алу мәселелері талқыланды

Атырауда студенттермен нашақорлық пен вандализмнің алдын алу мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Халықаралық адам құқықтары күні қарсаңында Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Экономика және құқық факультетінде «Жастар арасындағы нашақорлық» тақырыбында танымдық жиын өтті. Іс-шараға Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрболат Жансариев, тергеу басқармасының тергеушісі Фархат Аруов, сондай-ақ психолог және теолог мамандар қатысты.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері жастар арасында жиі кездесетін қылмыс түрлері туралы ашық әңгіме өрбітті. Олар топтық төбелес, вандализм, буллинг, бопсалау, есірткі қолдану сияқты құқық бұзушылықтардың салдары мен алдын алу жолдарына ерекше тоқталды. Сонымен қатар, жастардың құқықтары мен міндеттері, төтенше жағдайларда өзін-өзі ұстау ережелері, көшеде, үйде және демалыс кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы кеңестер берілді.

Кездесуге қатысушылар жеке заттардың сақталуына жауапкершілікпен қарау, құқық бұзушылықтың алдын алу және заңнаманы сақтаудың маңыздылығы туралы мол ақпарат алды. Полицейлер құқық бұзған жағдайда туындайтын жауапкершіліктер жайлы да түсіндіріп, студенттерге құқықтық сауаттылықтың өмірдегі маңызын жеткізді.

Бұл іс-шара жастардың құқықтық мәдениетін арттырып қана қоймай, олардың жеке қауіпсіздікке деген жауапкершілігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру