Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ
Логотип

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдер Астанадағы ҚАЖД мекемелеріне барды

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдер Астанадағы ҚАЖД мекемелеріне барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

5 желтоқсанда Астана қаласына Ресей Федерациясындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Татьяна Москалькова, Ингушетия Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Ибрагим Цечоев арнайы сапармен келді.

Делегация құрамына Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев, Астана қаласы прокурорының орынбасары Дінмұхаммед Шүйкебаев, сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мен Астана қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы да қосылды.

Сапардың негізгі мақсаты – қоныс-колониясы мен тергеу изоляторында жазасын өтеп жатқан Ресей Федерациясының азаматтарын ұстау жағдайларын зерделеу және олардың жеке мәселелерін тыңдау болды.

Қонақтарға Қазақстан заңнамасына сәйкес сотталғандардың жазасын өтеу тәртібі егжей-тегжейлі түсіндіріліп, қамауда ұстау жағдайларын көрсету мақсатында мекемелерге экскурсия ұйымдастырылды.

Татьяна Москалькова қоныс-колониядағы сотталғандардың тұрмыс жағдайларымен танысып, асхананы, тұрғын үй-жайларды аралады. Ал тергеу изоляторында келушілерге арналған жағдайлармен, фронт-офиспен, тергеушілер мен адвокаттарға арналған бөлмелермен танысты.

Сонымен қатар сотталғандардың электронды түрде арыз-шағым беруіне арналған терминалдың жұмысы көрсетілді. Бұл жүйе сотталғандарға құқықтары мен қамауда ұстау жағдайларына қатысты мәселелер бойынша кез келген мемлекеттік органға, оның ішінде соттар, прокуратуралар және адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталыққа тікелей шағым жолдауға мүмкіндік береді.

Кездесу барысында делегация сотталғандарды, соның ішінде Ресей Федерациясының азаматтарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Қабылдау кезінде қамауда ұстау жағдайларына қатысты ешқандай шағымдар тіркелген жоқ.

Сапар соңында делегация мүшелері Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығына ашықтық танытып, түзеу мекемелерінде ұстау жағдайларымен жақынырақ танысуға мүмкіндік бергені үшін алғыс білдірді.

Бұл сапар екі ел арасындағы адам құқықтарын қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және қылмыстық-атқару жүйесіндегі ашықтықты арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру