Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада интернет-алаяқтықтың алдын алу жобасы іске қосылды

Қызылордада интернет-алаяқтықтың алдын алу жобасы іске қосылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі қоғамда интернет-алаяқтық – ең өзекті әрі қауіпті мәселелердің бірі. Заманауи технологияларды пайдаланып, өздерінің қылмыстық әрекеттерін жүзеге асыратын алаяқтардың әдіс-тәсілдері күн санап жетіліп келеді. Бұл жағдай әсіресе қоғамның цифрлық сауаттылығы мен ақпараттық қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіруде.

Осыған байланысты Қызылорда облыстық жастар ресурстық орталығы, Қызылорда облыстық полиция департаменті және «IT Park» ұжымы бірігіп, «CYBER VOLUNTEER» жобасын іске қосты. Жобаның басты мақсаты – интернет алаяқтықтың алдын алу және тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізу.

Жоба аясында түрлі шаралар мен кездесулер өткізу жоспарланып отыр. Мұндай басқосуларда азаматтарға интернеттегі қауіпті әрекеттерден қалай сақтану керектігі, ақпараттық қауіпсіздік негіздері мен алаяқтардың жаңа әдіс-тәсілдері туралы жан-жақты мәлімет беріледі.

Жақында өткен талқылау шарасына «Grant master» бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев, Қызылорда облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Тимур Хамитов қатысты. Олар жобаның маңыздылығын атап өтіп, тұрғындарды ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға шақырды.

«CYBER VOLUNTEER» жобасы интернеттегі қылмыстардың алдын алуға бағытталған маңызды бастама. Бұл бастама тек жастарды ғана емес, барлық азаматтарды ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға үндейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру