Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда ардагерге құрмет көрсетілді

Павлодарда ардагерге құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ардагерлер ұйымының қызметіне белсене қатысып, ішкі істер органдарының жеке құрамын патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атынан Екібастұз қаласы полиция басқармасының Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бибігүл Исаева Алғыс хатпен марапатталды.

– Сіздің еңбек жолыңыз жас офицерлер үшін жанқиярлық қызметтің жарқын үлгісі. Сіз ұйымдастырушылық қабілет, адалдық, мейірімділік, ұқыптылық және әріптестеріңізге деген үлкен құрметке ие жансыз. Жинаған тәжірибеңізді жыл сайын жас буынға үйретіп келесіз. Бұл алғыс – сіздің еңбегіңізге деген шынайы құрметтің белгісі, – деп атап өтті Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.

Департамент басшысы Бибігүл Асқарқызына мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, жас мамандардың тәлімгері ретіндегі мінсіз қызметі үшін алғысын білдірді.

Бибігүл Исаева ішкі істер органдарында 1981 жылдан бастап еңбек етті. Қазақ КСР ІІМ Шымкент милиция мектебін тәмамдаған соң, сотталғандарды жұмысқа орналастыру жөніндегі инспектор қызметінен бастап, Екібастұз қалалық ішкі істер басқармасының қылмыстық іздестіру бөлімінің аға жедел уәкілі лауазымында қызмет етті.

2004 жылдан бастап белсенді қоғамдық қызметпен айналысып, Екібастұз полиция басқармасының Ардагерлер кеңесін үздіксіз басқарып келеді. Оның жетекшілігімен 2009 жылы бұл ұйым облыстағы ең үздік бастауыш ардагерлер ұйымдарының бірі ретінде танылды. Сондай-ақ оның бастамасымен Екібастұз Полиция басқармасының құрылу тарихы мен қызметі туралы мәліметтер жинақталған мұражай ашылды.

Бибігүл Асқарқызы заңдылықты нығайту мен ішкі істер органдарының дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның шәкірттері арасында Ішкі істер министрлігінің құрметті қызметкерлері мен аумақтық бөлімшелердің жетекшілері бар.

Көпжылдық мінсіз қызметі үшін ол «Мінсіз қызметі үшін» медалінің үш дәрежесімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісімен марапатталған.

Өмірден түйген мол тәжірибесін ардагер жас ұрпаққа үлгі етіп, Екібастұз қаласының қоғамдық өміріне белсене араласады. Екі баланы тәрбиелеп өсірген Бибігүл Асқарқызы немерелерін де өмірге бейімдеп, оларға қолдау көрсетіп келеді.

– Министріміздің сенімі мен қолдауы мен үшін үлкен мәнге ие. Бұл маған зор ынта мен шабыт сыйлайды. Көрсетілген құрмет үшін шын жүректен алғыс айтамын. Өзіме артылған сенімді ақтап, туған Департаментімде ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға үлес қосамын, – деді Бибігүл Асқарқызы марапаттау рәсімінде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру