Түркістан облысында полицейлер тас жолда қиындыққа тап болған жүргізушіге көмектесті
Түркістан облысында полицейлер тас жолда қиындыққа тап болған жүргізушіге көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түнгі патрульдеу кезінде Ордабасы ауданының Қарауылтөбе ауылы маңында ауа райының қолайсыздығы мен көктайғақ салдарынан жол жиегіне шығып қалған Daewoo Nexia автокөлігін полицейлер байқап қалды.
Оқиға орнына жақындаған Бадам ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторлары Сейдіғали Бегайлов пен Ердәулет Төрежан жүргізушіге жедел көмек көрсетті. Олар көлікті кептелген жерінен шығарып, дөңгелегін ауыстыруға жәрдемдесті. Полицейлердің бұл игі ісінің арқасында жүргізуші жолын қайта жалғастырып, діттеген жеріне бет алды.
Көмекке риза болған жүргізуші өзінің алғысын жеткізді.
– Жолда боран салдарынан көлігім сырғып, жол шетіне шығып қалды. Ордабасы ауданының полицейлеріне шексіз ризамын! Олар менің көлігімді шығарып қана қоймай, дөңгелегімді ауыстыруға да көмектесті, – деп бөлісті ол.
– Қолайсыз ауа райы кезінде жолға шықпас бұрын, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыздар. Көктайғақта немесе боранда ұзақ сапарға шығудан бас тартыңыздар. Көлік құралдарының техникалық жағдайын үнемі тексеріп, өзіңіздің және жақындарыңыздың қауіпсіздігіне көңіл бөліңіздер, – деп ескертеді полицейлер.