Абай облысында үздік тергеуші анықталды
Абай облысында үздік тергеуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметі – қоғамның тыныштығын, қауіпсіздігін және заңдылығын қамтамасыз ететін маңызды сала. Бұл мамандықта қызмет ететін жандардың арасында үздік мамандардың болуы – құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттыруда шешуші рөл атқарады. Полициядағы үздік маман – тек кәсіби біліктілігімен ғана емес, сонымен қатар адамгершілік қасиеттерімен, моральдық жауапкершілігімен ерекшеленетін тұлға. Ал құқық қорғау органдарының ішіндегі ең маңыздыларының бірегейі – тергеу саласы.
Абай облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы облыстың тергеу бөлімшелері қызметкерлерінің 2024 жылғы қызметтері бойынша қорытынды шығарып, үздік қызметкерді анықтады.
Жыл қорытындысы барысында тергеушілердің жұмысындағы жеке көрсеткіштер негізге алынды, қылмыстардың санаттары ескеріле отырып, қылмыстық істерді сотқа жіберу бойынша сандық көрсеткіштер кіретін бекітілген критерийлер арқылы шығарылған балдар негізінде есептеулер жүргізу арқылы анықталды, сондай-ақ заңдылықты сақтау және қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеу және қылмыстық істерді тергеу сапасын сақтауға назар аударылды.
Жұмысты үздік орындағаны және жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Абай облысы ПД Семей қаласы ПБ Әуезов полиция бөлімі тергеу бөлімінің аға тергеушісі Марданов Мадияр Ержанұлы 160,5 балл нәтижесімен үздік атанды.
Қысқа қызмет өтіліне қарамастан, ол өткен жылды сотқа ауыр санаттағы 35-тен астам қылмыстық істі жолдаумен аяқтады. Оның әр қылмыстың егжей-тегжейіне мұқият және байыпты көзқарасы өз жұмысында ерекше нәтижелер көрсетуге мүмкіндік берді.
Мадияр Марданов 1995 жылы 13 шілдеде Семей қаласында дүниеге келген. 2017 жылы М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтиын бітірген. Қазіргі уақытта 2 ұл 1 қыз тәрбиелеп отыр.
Оның еңбегі облысымыздағы құқық қорғау саласының дамуына үлкен үлес қосып қана қоймай, болашақ тергеушілерге үлгі-өнеге бола білді. Мұндай мамандардың арқасында қоғамда заң мен тәртіп орнайды, әділдік салтанат құрады.
– Тергеушінің міндеті – қылмысты ашу, оның мән-жайын анықтау және кінәлілерді жауапқа тарту. Бұл салада табысты болу үшін келесі қасиеттер маңызды:
Тергеуші заңдарды терең меңгеріп, оларды іс жүзінде қолдана білуі қажет. Оның әр шешімі заң талаптарына сәйкес келуі керек.
Тергеушінің басты міндеті – қылмыс туралы барлық деректерді анықтап, дәлелдер жинау. Бұл үшін ұсақ-түйек мәліметтерге дейін назар аудару маңызды.
Күдіктілермен, куәгерлермен және зардап шеккен адамдармен жұмыс істегенде дұрыс диалог орната білу – табыстың кепілі.
Қылмыстық істердің күрделілігі мен моральдық ауыртпалығы маманның психологиялық беріктігін талап етеді, – деп атап өтті Мадияр Марданов.
Тәртіп сақшыларының арасында осындай адал, жан-жақты қызметкерлер бар кезде әрқашан тыныштық пен тұрақтылық орнайды. Полиция қызметін таңдағанына еш өкінбейтін Мадияр Ішкі істер саласындағы қызметін абыроймен атқарып, ел алғысына бөленуде.