Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда жанармай бекетіндегі өрттің алдын алған азаматтар марапатталды

Атырауда жанармай бекетіндегі өрттің алдын алған азаматтар марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау қаласында төтенше жағдай кезінде ерекше батылдық көрсеткен азаматтарға құрмет көрсетілді. Қауіпті сәтте жанармай құю бекетінің қызметкері Қайырбек Сисенов және патрульдік полиция батальонының жас қызметкері Данияр Жәрдемғали тез әрі үйлесімді әрекет етудің үлгісін көрсетті.

Өрттің алғашқы белгілері байқалған сәтте Қайырбек Сисенов еш ойланбастан, қауіп-қатерге қарамастан іске кірісіп, жалынды сөндіруге тырысты. Дәл сол уақытта қызметте жүрген полиция қызметкері Данияр Жәрдемғали жағдайды көріп, көмекке асықты. Екеуі де өрттің қауіптілігін түсініп, арнайы құрал-жабдықтарды қолдана отырып, жалынды сөндіру үшін бар күшін жұмсады.

Бұл әрекеттерінің нәтижесінде үлкен апаттың алдын алуға мүмкіндік туды. Батыл да жігерлі қадамдары үшін Қайырбек Сисенов пен Данияр Жәрдемғали Атырау қаласы полиция басқармасының бастығы Бақтыбек Исаевтың алғыс хатымен марапатталды.

– Қоғам қауіпсіздігі – баршамыздың ортақ борышымыз. Сіздердің уақытылы және батыл әрекеттеріңіз тілсіз жауды тоқтатып, үлкен қауіптің алдын алды. Бұл көпке үлгі боларлық ерлік, – деп атап өтті Атырау қаласының бас полицейі Бақтыбек Исаев.

Бұл оқиға азаматтық парыз бен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, қоғамға сенім мен үміт ұялата түсті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру