Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД мекемесінде суицидтің алдын алу тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №77 мекемесінде суицидтің алдын алу мәселесіне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға мекеме басшылығы мен қызметкерлері, «РАЙ» шұғыл әлеуметтік көмек көрсету орталығының өкілі және №2 Ақтау қалалық емханасының тәжірибелі психологтары қатысты.
Кездесу барысында суицидтің алдын алу бағытындағы тиімді тәсілдер мен психологиялық қолдаудың маңызы талқыланды. Психологтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, стрессті басқару, эмоционалды тұрақтылықты арттыру және өмірлік қиындықтарға тап болған адамдармен жұмыс істеу әдістері туралы құнды кеңестер берді. Олар нақты жағдайларды мысалға келтіре отырып, осындай күрделі сәттерде қолданылатын нәтижелі әдістерді ұсынды.
Мекеме қызметкерлері талқылауға белсенді атсалысып, өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Сондай-ақ алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар бойынша ұсыныстарын ортаға салды.
Тергеу изоляторы басшылығы мұндай кездесулерді жүйелі түрде өткізіп тұруды жоспарлап отыр. Бұл шаралар тек қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттырумен шектелмей, сотталғандардың психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстардың маңызды бөлігі болып табылады.