Қарағанды облысында сотталғандар көпбалалы анаға отын жөнелтті
Қарағанды облысында сотталғандар көпбалалы анаға отын жөнелтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша ҚАЖД-ға қарасты Қарабас кентіндегі №35 орташа қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері қайырымдылық бастамаларымен ерекшеленуде.
Олар "PPF Kazakhstan" ЖШС ағаш паллеттер өндіретін цехымен бірлесіп, осы өңірде тұратын көпбалалы жесір анаға аса қажетті көмек көрсетті. Пешпен жылытылатын үйде тұратын отбасыға қатал қыста отын жеткізіліп, жылу мәселесі шешілді.
Бұл игі іс мекеменің әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған бағдарламасы аясында жүзеге асты. Аязды күндері үйді жылыту ең өзекті қажеттіліктердің бірі болғандықтан, бұл көмек көпбалалы ана үшін нағыз құтқару болды. Енді ол үйдегі жылуға алаңдамай, балаларына қамқорлық жасай алады.
Бұл бастаманың жүзеге асуына мекемедегі ағаш паллеттер өндірісінде жұмыс істейтін 25 сотталған азаматтың еңбегі зор. Олардың түзеу жағдайында еңбек ете отырып, қоғамға пайдасын тигізіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуы – үлгі аларлық іс.
Жылулық сыйлаған бұл игі әрекет үшін отбасы алғысын жеткізді. "Енді қысқы күндеріміз әлдеқайда жайлы өтеді", – деп ризашылығын білдірді көпбалалы ана.
Қарабас мекемесінің осындай қайырымдылық істері қоғамдағы бірлік пен мейірімділіктің жарқын үлгісі болып қала бермек.