Қостанайда полицейлер жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген көлікті ұстады
Қостанай қаласында полицейлер жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген көлікті ұстады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
29 қаңтар күні патрульдік қызмет кезінде "Қорғау – қауіпті жүргізуші" мобильді қосымшасы арқылы құқық бұзушылық анықталды. Тексеру барысында 41 жастағы азаматтың Toyota Land Cruiser 100 көлігін жалған мемлекеттік тіркеу нөмірімен басқарғаны белгілі болды.
Бұдан бөлек, жүргізушінің көлік құралын басқаруға құқығы шектеулі болған. Осыған байланысты оған қатысты екі әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.
Жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Жалған нөмірлермен жүргені үшін бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынып, бір жыл мерзімге жүргізуші құқығынан айырылады.
Заң бұзушының автокөлігі мамандандырылған автотұраққа қойылды.
Бұл – жыл басынан бері тіркелген төртінші дерек. Өткен жылы облыс полицейлері осындай 32 құқық бұзушылықты анықтаған.
Патрульдік полиция жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жалғастыруда.