Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

БҚО-да көлік басқару құқығынан айырылған бірнеше мас жүргізуші ұсталды

БҚО-да көлік басқару құқығынан айырылған бірнеше мас жүргізуші ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Патрульдік полицейлер Mitsubishi көлігінің жүргізушісін ұстады, ол тұрақта тұрған көлікке соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасаған. Тексеру барысында жүргізушінің орташа дәрежеде мас екені анықталды, бұл медициналық сараптама нәтижелерімен расталды.

Сонымен қатар жүргізушінің 2020 жылы көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылғаны белгілі болды. Алайда ол мас күйінде көлік жүргізуді жалғастырған. Бұл құқық бұзушылық үшін оған өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы көзделген.

Осыған ұқсас жағдай Сырым ауданында болды. Көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші көлікті мас күйінде басқарған. Сондай-ақ Теректі ауданында Подстепное – Меловые горки жолында тағы бір жүргізуші ұсталды. Ол көлік басқару құқығынан айырылған және орташа дәрежеде мас күйінде болған. 

Жыл басынан бері осындай 12 оқиға тіркелген.

Айта кетейік, 2024 жылы Батыс Қазақстан облысында 194 жүргізуші өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылған, ал 1576 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін жауапқа тартылған.

Полицейлер барлық жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды және мас күйінде көлік жүргізбеуді ескертеді. Құқық бұзушылар тек өз өмірін ғана емес, басқа жол қозғалысы қатысушыларының өміріне де қауіп төндіретінін есте сақтау керек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру