Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда студенттер полиция департаментінің мұражайына экскурсия жасады

Қостанайда заңгерлік мамандықтың студенттері полиция департаментінің мұражайына экскурсия жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

"Сарбаз болғым келеді" акциясы аясында Қостанай облысы полиция департаментінің мұражайына "Құқықтану" мамандығында оқитын колледж студенттері үшін танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Бұл шара студенттерге құқық қорғау органдарының қалыптасу тарихымен танысып қана қоймай, полиция қызметінің маңыздылығын тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.

Экскурсия барысында болашақ заңгерлер департамент мұражайының бай мұрасымен танысты. Онда түрлі кезеңдерде ішкі істер органдарында қызмет еткен тұлғалардың құнды жәдігерлері, құжаттары мен жеке заттары жинақталған. Мұражай қоры елдегі заңдылық пен тәртіпті қорғауға елеулі үлес қосқан батыр полицейлердің ерліктерін айшықтайды.

Экскурсия кезінде мұражайдың сақтаушысы Таңатқан Делмұхамбетов студенттерге қызмет бабында қаза тапқан батырлар жайлы сыр шертіп, олардың ерлігін ұрпақ жадында мәңгі сақтау – парыз екенін атап өтті.

– Мұражай – бұл тарихтың аманатшысы. Мұнда өткеннің әрбір парағы сақталған. Полиция қызметкерлерінің қайсарлығы мен адалдығы бізді ерекше әсерге бөледі. Мұндай шаралар болашақ мамандардың құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттырады, – деп әсерімен бөлісті Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары колледжінің студенті Аяна Алтаева.

Экскурсия жас ұрпақтың заңға құрметпен қарауын, қоғамдық тәртіпті сақтауға деген жауапкершілігін арттыруды көздейді. "Сарбаз болғым келеді" акциясы жастардың ішкі істер органдарындағы қызметке деген қызығушылығын ояту мақсатында ұйымдастырылғанын атап өткен жөн.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында "Заң және тәртіп" қағидатын қоғам дамуының негізгі идеологиялық әрі саяси бағыты ретінде айқындаған болатын. Осы тұрғыда мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық сауатын арттырып, олардың еліміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына үлес қосатын мамандықтарды таңдауға деген ынтасын күшейтуге бағытталған.

Жас буынның заңды құрметтеуі ғана емес, оны сақтап, қорғауға белсенді атсалысуы – еліміздің құқықтық мәдениетінің дамуына қосылған зор үлес.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру