Елордада "Интернет-алаяқтық" тақырыбында дәріс өтті
Астанада "Интернет-алаяқтық" тақырыбында дәріс өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада киберқылмысқа, соның ішінде телефон және интернет-алаяқтықтарына қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру аясында ақпараттық дәріс ұйымдастырылды.
Шараға орта және арнаулы оқу орындарының оқытушылары, жоғары оқу орындарының студенттері мен медицина қызметкерлері қатысты. Оларға Астана қаласы ,полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары интернет-алаяқтықтың алдын алу және оған қарсы күрес жолдары туралы жан-жақты түсіндірді.
Дәріс барысында интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен алаяқтардың қолданатын әдістері туралы ақпарат берілді.
Тұрғындардың алаяқтардың құрбанына айналмауы үшін қандай сақтық шараларын қолдану керектігі егжей-тегжейлі түсіндірілді.
"Дроппер" тақырыбына ерекше назар аударылып, қатысушыларға дропперлердің алаяқтық схемалардағы рөлі туралы бейнеролик көрсетілді.
Дәріс соңында қатысушыларға ақпараттық буклеттер таратылып, олардың сұрақтарына полиция қызметкерлері жауап берді.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды сақтық шараларын қатаң сақтауға, бейтаныс адамдарға банк картасының мәліметтерін бермеуге және күдікті қоңырау түскен жағдайда немесе алаяқтардың құрбаны болған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласуға шақырады.