Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада жастар мәселесі талқыланды

Қызылордада "АМАNАТ" партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңес отырысы өтті. Жиында 2025 жылға арналған жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңес жоспары мен кеңес құрамы таныстырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кеңес отырысына партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов арнайы қатысып, қаралған мәселелер бойынша өз пікірін білдірді. Аталған жиынға кеңестің мүшелері, жауапты сала мамандары, "Жастар Рухы" ЖҚ оқу орны бөлімшелерінің жетекшілері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде жастар арасында есірткі қылмысына қарсы бағытталған жұмыстар мен жоспарлар туралы және кәмелетке толмағандар арасында қылмыстық құқық бұзушылық деңгейін төмендету бойынша атқарылған жұмыстар кеңінен талқыланды. Аталмыш мәселелер бойынша Қызылорда облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Рауан Әлдешов және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Біржан Бағысов баяндама жасады.

- Жасөспірімдермен және оларға қарсы жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында 30 қаңтар мен 2 ақпан аралығында "Түнгі қаладағы балалар" жедел-профилактикалық шарасы өткізілсе, күнделікті "Қауіпсіз аймақ", "Квадрат" рейдтері жүргізіліп жатыр. Профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 861 құқық бұзушылық анықталып, 26 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Түнгі уақытта (сағат 22:00-ден кейін) заңды өкілінсіз ойын-сауық және үйден тыс жерлерде (сағат 23:00-ден кейін) жүрген 626 жасөспірім анықталып, олардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаған 68 ата-анаға қатысты тиісті әкімшілік хаттамалар рәсімделді, - деп атап өтті Рауан Әлдешов.

Күн тәртібіндегі талқыланған тақырыптың өзектілігін айтып, қатысушылар өзара пікір алмасты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру