Елордада қарақшылық шабуыл жасаған күдікті Ақмола облысында ұсталды
Елордадағы дүкендердің біріне қарақшылық шабуыл жасаған күдікті Ақмола облысының аумағында қолға түсті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
21 ақпанда Ақмола облыстық полиция департаментіне елордада қарулы қарақшылық жасаған күдіктіге іздеу жарияланғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Астана қаласының полиция қызметкерлерінің мәліметінше, қаскүнем дүкенге кіріп, сатушыны пышақпен қорқытып, кассадан ақшаны жымқырып, оқиға орнынан "ізін суытқан".
Бұл ақпаратты алған Ақмола облысының тәртіп сақшылары шұғыл түрде Астанадан шығатын барлық көлік құралдарын тексеруге кірісті. Олардың жедел әрі кәсіби әрекеттері көп ұзамай өз нәтижесін берді.
Видео • YouTube
Жедел-іздестіру шаралары барысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері – Алмас Абдрахманов, Ардақ Жахин және Бекболат Құсметов – Астана – Петропавл автожолының 292-ші шақырымында Hyundai Tucson автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде тәртіп сақшылары көлік жолаушысының бағдардағы сипаттамаға сәйкес келетінін аңғарды. Алайда ер адам өзін басқа есіммен таныстырып, күдік тудырды.
Күдіктінің әрекетінен секем алған полиция қызметкерлері оның жеке басын мұқият тексеруге шешім қабылдады. Дәл осы сәтте оқиға күтпеген сипат алды: жолаушы кенеттен көліктің терезесін жауып, қолына пышақ ала сала өзін жарақаттай бастады. Артынша ол пышақты жүргізушіге қарай бағыттап, қоқан-лоқы көрсеткен. Кейіннен белгілі болғандай, көлік жүргізушісі оны жол бойында кездейсоқ жолаушы ретінде алған екен.
Ахуалдың күрделілігіне қарамастан, тәртіп сақшылары жедел әрі батыл әрекет етті. Күрес тәсілдерін қолдана отырып, олар күдіктінің қолындағы пышақты қағып жіберіп, оны залалсыздандырды. Абырой болғанда көлік жүргізушісі зардап шеккен жоқ, тек қатты қорқып қалған.
Ұсталған күдікті одан әрі тексеру және тергеу амалдарын жүргізу үшін елорда полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Ақмола полицейлерінің жедел әрі кәсіби әрекеттері тағы да азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғары жауапкершіліктерін дәлелдеді.