Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері "Тіл – татулық тірегі" атты әдеби-сазды кешке қатысты
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері "Тіл – татулық тірегі" атты әдеби-сазды кешке белсенді қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда қаласындағы Достық үйінде "Тіл – татулық тірегі" атты әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шараға Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері де белсенді қатысып, өз өнерлерін ортаға салды.
Кеш барысында тілдің адамзат қоғамындағы маңызы, сондай-ақ әр халықтың рухани болмысын сақтаудағы ерекше рөлі кеңінен насихатталды. Әр ұлт өзінің тілін сақтап, дамыту арқылы мәдениетін қалыптастырып, оны ұрпақтан-ұрпаққа асыл мұра ретінде жеткізетіндігі атап өтілді.
Іс-шарада ҚАЖ департаментінің қызметкерлері ерекше белсенділік танытты. Ақниет Нұрылдаев жүрекке жылы тиетін "Ана тілі" өлеңін мәнерлеп оқып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ал Ақниет Қалмұратов патриоттық рухты асқақтатқан "Алға, Қазақстан!" әнін орындаса, әділет капитаны Толқынай Тілеубекова қазақтың көрнекті ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Ана тілі» өлеңін тебіреніспен жеткізді.
Шара барысында тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың рухани байлығы, ұлттық болмысы мен мәдениетінің өзегі екені ерекше айтылды. Әр ұлт өзінің тілінде әлемді танып, дүниенің қыр-сырын түсініп, өмірден түйген тағылымдарын келешек ұрпаққа сол тіл арқылы жеткізеді.
Іс-шара соңында қатысушылар бір-біріне жылы лебіздерін білдіріп, мемлекеттік тілді дамыту мен насихаттау жолындағы мұндай шаралардың маңыздылығын атап өтті.