Түркістан облысында 2400 жол белгісі орнатылған
Түркістан облысында 2400 жол белгісі орнатылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласында жол қауіпсіздігін сақтау және автокөлік кептелісін болдырмау мақсатында полиция басқармасының жол және техникалық инспекциясы тобы әкімдікке 440 ұйғарым және 15 ұсыныс хат жолдаған. Сонымен қатар 2400 жол белгісі мен 480 метр жол кедергісі орнатылған. Бұл туралы Түркістан қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Нысанбаев халық алдында есеп беру жиынында жеткізді.
Шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, прокурор Кәукен Нәрікбаев пен тұрғындар, жеке құрам қатысты.
Түркістандық тәртіп сақшыларының жүйелі жүргізілген шаралары нәтижесінде өткен жылы ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылымы 88,9%-ға, бөтеннің мүлкін ұрлау 92,3%-ға, пәтер ұрлығы 78,9%-ға, есірткі қылмысы 82,4%-ға жақсарған.
Баяндамадан соң Ж.Нысанбаев азаматтардың сауалдарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Жұртшылықпен қылмыстарды болдырмау мәселесін талқылады. Кездесу соңында тұрғындар полиция жұмысына оң баға беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік, сондай-ақ жол көлік оқиғаларының алдын алуға қойылған міндеттерді абыроймен атқаруға сенім білдірді.