Алматы полициясы жолдағы «хайп» іздеушілерге үндеу жасады
Алматы полициясы жолдағы «хайп» іздеушілерге үндеу жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылы Алматы қаласында 6 785 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 105 адам қаза тауып, 7 370 адам түрлі жарақаттар алды. Жол-көлік оқиғаларының көпшілігі тек өрескел ережелерді бұзу ғана емес, кейбір жүргізушілердің әлеуметтік желілерде өзін көрсету мақсатында заңсыз әрекет етуі салдарынан да орын алуда.
– Құрметті жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушылар! Ішкі істер министрлігі қоғамда «Заң және Тәртіп» қағидатын нығайту және жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысын белсенді түрде жалғастыруда. Соңғы кездері көлік жүргізушілерінің әлеуметтік желілерде хайп жасап, өздеріне назар аударту үшін жол ережесін әдейі бұзу жағдайлары жиі кездесуде. Бұл іс-әрекеттер тек өз қауіпсіздігіңізге ғана емес, сонымен қатар барлық жол қозғалысына қатысушылар үшін үлкен қауіп тудырады. Жол ережесін бұзу әзіл емес екенін ұмытпаңыздар. Мұндай әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған және барлық құқық бұзушылар заң алдында жауап береді. Жол қауіпсіздігі – біздің ортақ міндетіміз! Барлығымыз жолымызды қауіпсіз етуге атсалысайық! Өзіңізді және өзгелерді абайлап жүріңіз, – деп атап өтті Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тимур Ноғайбаев.