ҚР ІІМ басшысы беларустық әріптестерімен құқықтық тәртіп саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Қазақстанның ІІМ басшысы беларустық әріптестерімен құқықтық тәртіп және қылмысқа қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Ержан Саденов Беларусь Республикасы Тергеу комитеті төрағасының бірінші орынбасары Олег Шандарович бастаған делегациямен кездесті.
Келіссөздер барысында министр өзара іс-қимылдың нормативтік-құқықтық базасын дамытуды қоса алғанда, екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Жедел-қызметтік жұмыстың көптеген бағыттары бойынша екіжақты форматта да, сондай-ақ халықаралық құрылымдар – ТМД, ҰҚШҰ шеңберінде де өзара іс-қимылдың жоғары деңгейі аталып өтілді. Құқықтық тәртіпті қорғау, қылмыстың өзекті түрлеріне, оның ішінде интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жедел және құқықтық ақпарат алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар ҚР ІІМ мен Беларусь Республикасының осы саладағы Тергеу комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға дайындық жұмыстары аяқталғанын айтты.
Беларусь делегациясы Қазақстан полициясының қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды қылмыстық қол сұғушылықтан қорғауға бағытталған қызметіне енгізіліп жатқан цифрлық шешімдерімен танысты.
Кездесу қорытындысы бойынша қылмысқа қарсы күрестегі іс-қимылдарды үйлестіруді күшейту және қылмыстық-құқықтық саладағы өзара іс-қимылды арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.