Жамбыл облысында полицейлер балаларды интернет кеңістігінде қалай қорғау керектігін айтып берді
Жамбыл облысында полицейлер балаларды интернет кеңістігінде қалай қорғау керектігін айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көптеген ата-ана баласының компьютерде немесе телефонда шамадан тыс уақыт өткізетініне алаңдайды. Кибербілім – компьютерлік қылмыстың алдын алу және балаларды “цифрлық гигиенаға”, яғни интернеттегі тәртіп ережелеріне үйрету үшін маңызды. Өкінішке қарай, көпшілік “жасөспірімдер киберқылмыскерлердің нысанасына айналмайды” деген қате пікірде.Балалар күнделікті интернетті пайдаланып, әлеуметтік желілерге кіргенде, олар ашық қолжетімді ақпараттың қаншалықты қауіпті екенін түсінбеуі мүмкін. Бұл олардың қалаусыз контентке, кибербуллингке, кибергрумингке, кибералаяқтыққа немесе ақшаны ойламастан жұмсауға, фишингтік шабуылдарға ұшырау қаупін тудырады.
Баланың жеке кеңістігіне араласудан қорықпау керек. Керісінше, олардың қандай компьютерлік ойындар ойнайтынына, қандай сайттарға кіретініне, қай әлеуметтік желілерде уақыт өткізетініне қызығушылық таныту қажет. Ата-аналар мен балалар ашық және шынайы әңгіме құрудың маңыздылығын түсінуі керек.
Бұл – киберқылмыскерлерден, жағымсыз контенттен және интернеттегі қорлаудан (кибербуллингтен) қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі.
Балаларды қауіпсіздік ережелеріне үйретіңіз:
Жеке деректерді әлеуметтік желілерде жарияламау, үнемі баратын орындарда геобелгі (геометка) қоймау, логиндер, құпиясөздер және басқа да құпия ақпаратты ешкімге айтпау.
Сонымен қатар кез келген бопсалау, қорқыту немесе ақша талап ету жағдайында балалар дереу ата-анасына хабар беруі керек. Мұндай мәселелердің алдын алу үшін балаға сенімді орта қалыптастыру маңызды.
Бүгінде облыстағы барлық білім беру мекемелерінде ата-аналармен “Family Link” ата-ана бақылау қосымшасын орнату мәселесі талқылануда. Бұл бағдарлама интернеттегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектеседі. Оның көмегімен ата-аналар баласының құрылғыда не істейтінін бақылай алады, орналасқан жерін қадағалайды, құпиялылық параметрлерін басқара алады және басқа да қажетті функцияларды атқара алады.
– Қазіргі ата-аналардың интернеттегі балаларын бақылауға арналған көптеген құралдары бар. Ең танымал әрі ыңғайлы әдісті таңдау керек. Балалардың интернеттегі қауіпсіздігін тек үздіксіз ата-ана бақылауы қамтамасыз ете алады, – деп атап өтті Жамбыл облысы ПД ЖПҚБ аға инспекторы Әлішер Қалышев.