Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бес қыз тәрбиелеп отырған ЖҚАЖ қызметкерінің еңбек жолы

Отбасы – жай ғана ұғым емес. Ол – махаббаттың, сенімнің, қамқорлықтың шынайы көрінісі. Павлодар облысы полиция департаментінің ЖҚАЖ инспекторы Дәулет Мұхамедсалықов қызметінде кәсібилігімен танылып қана қоймай, бес қыздың ардақты әкесі атанып отыр. Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыз.

Павлодар облысы полициясының ЖҚАЖ инспекторы Дәулет Мұхамедсалықов – әр күні құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, бес қыздың мейірімді әкесі ретіндегі үлгісімен отбасылық құндылықтың терең маңызын паш етеді. Оның өмір жолы мен қызметі – қызметкер мен жанұяның үйлесімді дамуының жарқын мысалы.

– Мен Железин ауданы Абай ауылында дүниеге келдім. Бала кезімнен әскерилерге қызығып, офицер болуды, форма киіп, адамдарға көмектесуді армандадым. Армия қатарында қызмет еткеннен кейін арнайы жасақта қызмет етуді мақсат етіп қойдым. Бұл жолды таңдар алдында спортпен шұғылдандым: қоян-қолтық күрес, бокс, жекпе-жек самбо, үштік сайыс және NOMAD MMA-мен айналыстым. Аудандық жарыстардан бастап республикалық деңгейдегі сайыстарға дейін қатыстым. Қызмет жолымды Ақсу қаласындағы полицияның айықтырғыш бөлімінде бастаған соң, жол-патрульдік полиция взводында, кейін ЖҚАЖ-да қызмет атқардым. Алғашқы күннен-ақ жұмысым жаныма жақын екенін сезіндім, – дейді капитан.

Жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы үшін әр күн – сын сағаты. Ол қашанда шұғыл әрекет етуге дайын. Бұл жолда оған үлкен күш-қуат беретін – жанұясы. Қызмет барысындағы ауыр сәттерді жақындарына айтпайды, артық алаңдатқысы келмейді.

– Жұбайым Екатеринамен Семей қаласында таныстым. Оны алғаш көрген сәтте-ақ "менің балаларымның анасы осы жан болады" деп іштей түйдім. Біз достасып, жақын араласа бастадық. Көп ұзамай оны ата-анама таныстырдым, олар да Екатеринаны бірден жылы қабылдады. Үйленгеннен кейін бір жылдан соң отбасымызда үлкен өзгеріс болды – тұңғышымыз Салтанат дүниеге келді. Қазір ол Екібастұз медициналық колледжінде оқиды, шет тілдерін меңгеруге ерекше ынталы. Келесі жылы Аида есімді қызымыз өмірге келді. Бүгінде ол спорттық жекпе-жектен 8 дүркін чемпион. Қазтұтынуодағы Павлодар жоғары экономикалық колледжінің студенті. Айтпақшы екі үлкен қызымыз бала кезден акробатикамен айналысып, спортқа жақын болды. 2017 жылы үшінші қызымыз Жансая, 2020 жылы Адель, ал 2021 жылы кенже қызымыз Данель дүниеге келді. Бүгінде барлығы спортты жаны сүйеді. Бос уақыттарымызда бірге жаттығу жасап, салауатты өмір салтын ұстанамыз, – дейді Дәулет күлімсіреп.

Әке жолын жалғау – үлкен мәртебе. Сол себепті қызы Аида болашақта құқық қорғау саласына, соның ішінде ЖҚАЖ-ға қызметке тұруды мақсат етіп отыр. Ал жұбайы Екатерина балалардың тәрбиесімен айналысып, олардың әрбір бастамасын қолдайды. Күйеуінің жұмысбастылығына қарамастан, отбасы берекесін жоғалтпай, ұйымшылдықпен өмір сүріп келеді.

Мұхамедсалықовтар отбасы – көпбалалы, бірақ сонымен бірге өте үлгілі жанұя. Қызметіне қарамастан, әке әр баласына көңіл бөледі. Жанұялық әңгімелерде қыздарының болашағы жиі талқыланады, ал екі үлкені әкесінің жолын қуып, полиция қызметкері болуды армандайды.

Бұл отбасында спорт – басты құндылықтардың бірі. Дәулет Мұхамедсалықов тек қызмет барысында ғана емес, күнделікті өмірде де өзін шыңдап, шеберлігін арттыруға тырысады.

– Қызметтен тыс уақытта жастармен бірге спортпен шұғылданамын, жүгіремін, қыздарымды жаттықтырамын. Бокс, тай бокс, MMA, кикбоксингпен айналысамын. Атыс және дене дайындығымды жетілдіріп отырамын, себебі қоғамдық тәртіпті сақтау – үлкен жауапкершілік. Азаматтардың тыныштығын қорғау – біздің міндетіміз. Халық полицияның күндіз-түні қызметте екенін білуі тиіс. Отбасы – әрбір жанның панасы, жұмыс күнінің соңында асығып жететін жылы ұясы. Осында әр адам күш-қуат алады, сүюді, кешіруді, сыйлауды үйренеді. Мен үшін отбасым – өмірімнің ең қымбат қазынасы. Мен олармен бақыттымын, әрдайым оларға оралғым келіп тұрады. Жанұямда мені әрдайым қолдап, демеу беретін адамдар бар, – деп атап өтті Дәулет Абылайұлы.

Қыздары оны ең мейірімді әке деп санайды, ал жұбайы Екатерина – ең қамқор жар деп мақтан тұтады. Біз әріптесімізге зор денсаулық, отбасының амандығы мен бақытының еселене беруін тілейміз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру