Атырауда жасөспірімдер полиция қызметімен танысты
Атырауда жасөспірімдер полиция қызметімен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2025 жыл «Профилактика жылы» аясында құқық қорғау органдарының қызметін таныстыру және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында №37 орта мектеп оқушылары мен Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінің студенттері үшін полиция басқармасында ашық есік күні ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қатысушылар полиция бөлімінің жұмысымен танысып, құқық қорғау органдарының қызметі туралы мағлұмат алды. Оларға жедел басқару орталығы таныстырылып, заманауи бейнебақылау жүйесінің жұмысын бақылау мүмкіндігі берілді. Мамандар жасөспірімдерге бейнекамералардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңыздылығын түсіндіріп, олардың нақты уақыттағы қызметін көрсетті. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері тәулік бойы атқаратын міндеттерін айтып берді.
Кинологиялық орталықтағы таныстырылым оқушылар мен студенттер үшін ерекше әсерлі болды. Қызметтік иттердің дайындық деңгейі, олардың есірткі, жарылғыш заттар мен өзге де тыйым салынған заттарды анықтау әдістері және қылмыскерлерді ұстаудағы рөлі көрсетілді. Кинолог-инспекторлар иттерді жаттықтыру тәсілдері мен олардың шынайы жағдайларда қалай әрекет ететінін түсіндірді.
Бұл шара жасөспірімдерге құқық қорғау саласының маңыздылығын ұғынуға, олардың құқықтық сауатын арттыруға және полиция қызметіне деген құрметін қалыптастыруға ықпал етті. Оқушылар мен студенттер полицияның қоғамдағы жауапты әрі маңызды рөлін тереңірек түсініп, осы мамандыққа деген қызығушылықтарын арттырды.