Жамбыл облысында “Полиция барысы — 2025” анықталды
Жамбыл облысында “Полиция барысы — 2025” анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
“Динамо” спорт кешенінде Жамбыл облысының полиция қызметкерлері арасында “Полиция барысы — 2025” турнирі өткізілді.
Іс-шараның салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаев сөз сөйлеп, “Полиция барысы” бұл ұлттық спорт түрі – қазақ күресін насихаттауға бағытталған және тәртіп сақшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал ететін ауқымды сайыс екенін атап өтті.
Турнирдің құрметті қонақтары КСРО және ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Марат Жақыт, облыстық қазақ күресі федерациясының президенті Жетпісбай Медеуов, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тәуірбек Қарауылтегі, жерлесіміз – “Еуразия барысы”, үш дүркін “Қазақстан барысы” Бейбіт Ыстыбаев болды.
Тараз қаласы мен облыстың он ауданының атынан 125 полицей-палуан қатысып, бақ сынасты. Қорытындысы бойынша қарсыластарына дес бермеген ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Шерхан Жақсыбеков “Полиция барысы — 2025” атанып, алтын белбеу иегері болды. Сондай-ақ командалық 1-орынды Тараз қаласы ПБ 2-полиция бөлімі, 2, 3-орындарды Т.Рысқұлов және Қордай аудандық полиция бөлімдері бөлісті.
Жүлдегерлер арнайы сыйлықтармен және кубоктармен марапатталды.
Жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қазақ күресі бойынша чемпионатына баратын болады.