Шымкентте шенді арулардың арасында спорттық турнир өтті
Іс-шара Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге және "Динамо" спорт кешенінің 100 жылдығына орай ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайысқа ҚР ІІМ Б.Момышұлы атындағы оқу орталығының, қалалық полиция департаментінің бөлімшелерінің және оған бағынысты бес аудандық полиция басқармасының өкілдері қатысты.
Бұл турнир ең мықты шенді аруларды жинады. Жарыстың алғашқы минуттарынан бастап қатысушылардың жоғары спорттық дайындығы мен командалық жұмысы байқалды. Сайыс достық атмосферада өтті, эмоцияға толы болды.
Волейболдан турнир қорытындысы бойынша Абай АПБ командасы жеңіске жетті, екінші орынды Еңбекші АПБ мен ІІМ мектебі, ал үшінші орынды Әл-Фараби АПБ командасы иеленді.
Атыс жарысында ең мықты болғандар:
1-орын - Гулина Гильмутдинова, 2-орын - Альмира Амирова, 3-орын – Луиза Газиева және Динара Төреқұлова.
Күштік сайыста үздік нәтижелерді көрсеткендер: 1-орын - Ғазиза Ғаниқызы, 2-орын - Диана Есенгельдиева, 3-орын - Шолпан Савдашева.
Жеңімпаздар грамоталармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Турнир полицей арулардың спорттық дайындығының жоғары деңгейін ғана емес, олардың бірлігі мен жеңіске деген ұмтылысын да көрсетті.