Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полиция студенттерге жалған терроризм үшін жауапкершілік туралы түсіндірді

Қостанай облысында полиция департаменті жалған терроризм үшін жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен ҰҚКД терроризмге қарсы орталығы өңірдің жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына арналған оқу-практикалық іс-шаралар ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты – террористік қауіп жағдайында қалай әрекет ету керектігін түсіндіру болды.

Қостанай Инженерлік-экономикалық және Челябі мемлекеттік университеттерінде террористік қауіп туындаған жағдайда өзін қалай ұстау керектігі жөнінде сабақтар өткізілді. Оқу орындарының студенттері мен оқытушылары терроризм актісі болған жағдайда қауіпсіздіктің негізгі ережелерін меңгерді.

Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері Амангелді Бапинов жарылғыш құрылғыларға ұқсас күдікті заттар табылған жағдайда, оларға қол тигізуге немесе жақындауға қатаң тыйым салынатынын атап өтті. Сондай-ақ жарылғыш құрылғының бар екендігіне күдік туындаған жағдайда немесе террористік актіге қауіп пайда болса, шұғыл түрде 102 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажеттігін айтты.

- Жарылғыш құрылғыны тек арнайы мамандар ғана залалсыздандыра алады, – деп ескертті ол.

Сабақ барысында маңызды тақырыптың бірі – терроризм актісі туралы жалған хабарлама беру әрекеттері үшін жазаның қатаңдығы болды. Мұндай әрекеттердің жазасыз қалмайтыны және ауқымды құқықтық зардаптарға әкеп соғуы мүмкін екендігі ерекше атап өтілді.

Сонымен қатар оқу орындарының басшылары мен оқытушыларына білім беру ұйымдарының инженерлік-техникалық қорғалуының талаптары түсіндірілді. Жыл басынан бері облыс полициясы қызметкерлері 40-тан астам нысанның қауіпсіздігін тексерді. Оның ішінде жетеуі терроризмге қарсы қорғау талаптарына сәйкес келмегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл іс-шаралар облыс аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жалпы жұмыс аясында өткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру