Жауынгер ару өзінің ерекше хоббиі жайлы айтып берді
8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында арнайы жасақтың қызметкері Гүлида Көбей Polisia.kz сайтына ерекше хоббиі жайлы айтып берді.
Арнайы жасақтың қызметкері Гүлида Көбейден кешегі қайтпас-қайсар батырлардың рухы сезілетіндей. Ол бүгінде күш пен төзімділіктің жынысқа бөлінбейтінін дәлелдеп, қалыптасқан таптаурындарды бұзып жүрген қайсар арулардың бірі.
Гүлида өз мамандығында өзін суда жүзген балықтай еркін сезінеді. Қызметтегі басты талаптарының бірі – мықты дайындық, ал ол бұл сыннан сүрінбей өтеді. Оның кәсіби жетістіктерінің артында полицейлер арасында сирек кездесетін ерекше бір хоббиі бар – жамбы ату. Бұл – жай ғана садақ ату емес, ат үстінде шауып келе жатып нысанаға дәл тигізуді қажет ететін ұлттық өнер.
Бұл спорт үлкен ептілік пен қимыл үйлесімділігін талап етеді. Себебі тек нысананы дәл көздеп ату ғана емес, аттың да тізгінін шебер меңгеру маңызды. Күрделі әрі ерекше бұл спорт түрі жылдар бойы үздіксіз жаттығуды қажет етеді. Ал Гүлида жамбы атуды игеру арқылы қызметіне де пайдасын тигізетін дағдыларды қалыптастырды. Өйткені арнайы жасақ сарбаздарына шұғыл жағдайларда жылдам шешім қабылдау өте маңызды.
Бұдан бөлек, Гүлида Көбей дзюдодан спорт шебері. Сондай-ақ қазақ күресі, самбо, грэпплинг, джиу-джитсумен айналысады. Азия чемпионаты мен халықаралық жарыстардағы жеңістері оның жоғары шеберлік деңгейін дәлелдейді.
Ат спорты мен жекпе-жек өнерін үйлестіре білген ол – нағыз ежелгі амазонкалардың ізін жалғастырушы, қайсар мінезді, мықты әрі мақсатына берік тұлға.