Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Талдықорғандық оқушылар авиация әлеміне саяхат жасады

Талдықорғандық оқушылар авиация әлеміне саяхат жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Талдықорғанда "Жасөспірім" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында мектеп оқушыларына арналған ерекше экскурсия өтті. "Арманға жол!" атты мотивациялық шараның ұраны – "Дұрыс таңдау – арманға апарар жолдың жартысы!" деген идеяға негізделген.

Бес автобуспен авиациялық базаға аттанған жүзге жуық оқушыны патрульдік полиция батальонының экипаждары бастап жүрді. Іс-шараның мақсаты – балаларды әскери мамандықтармен таныстыру арқылы оларда жауапкершілік пен дұрыс өмірлік бағдар қалыптастыру.

Экскурсия барысында оқушылар жойғыш ұшақтардың ұшқыштарымен ашық сұхбат құрып, олардың өмір жолымен танысты. Ұшқыштар бала кездегі арманынан бастап, әскери қызметке дейінгі жолдағы тәртіп, табандылық және білім алудың маңыздылығын атап өтті. Балалар үшін нағыз жауынгерлік ұшақтың кабинасына кіріп көру – ерекше әсерге толы сәт болды.

Сонымен қатар жасөспірімдер ұшақтарды дайындайтын техникалық құрамның жұмысын өз көздерімен көрді. Инженер-механиктер авиация саласындағы жауапты міндеттерімен бөлісіп, ұшу алдындағы дайындық пен техникалық қызмет көрсету барысын көрсетті. Бұл – ұжымдық еңбектің маңыздылығы мен әр маманның кәсіби шеберлігі әуе қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қандай рөл атқаратынын ұғынуға мүмкіндік берді.

Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың санасында отансүйгіштік пен арманға сенім ұялатып, дұрыс таңдау жасауға бағыт береді. Олар үшін бұл – тек экскурсия емес, өмірлік мақсатқа бастар алғашқы қадам.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру