Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Жас сақшы” кадет сыныптарының ашылғанына — 10 жыл

Алматы облысында “Жас сақшы” кадет сыныптарының ашылғанына 10 жыл толуына арналған іс-шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іле ауданының Өтеген батыр ауылында алғашқы “Жас сақшы” кадет сыныптарының ашылғанына 10 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл айтулы күн Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп, Отан алдындағы ерлік, батырлық пен адалдықтың жарқын үлгісін бейнеледі.

– Алғашқы кадет сыныптары 2015 жылы облыстық ішкі істер департаментінің бастамасымен Іле ауданындағы мектептердің бірінде ашылды. Бұл жобаны облыс әкімдігі қолдап, 2019 жылдан бастап “Жас сақшы” кадет сыныптары өңірдің барлық аудандарында ашыла бастады. Бүгінде облыстың 18 мектебінде 480 кадет білім алуда. Оқу бағдарламасына саптық дайындық, дене шынықтыру, құқық негіздері, алғашқы медициналық көмек және патриоттық тәрбие сабақтары енгізілген. Бұл – тек білім беру ғана емес, сондай-ақ мінез-құлықты қалыптастыру, тәртіп пен жауапкершілікті бойға сіңіру, – деп атап өтті Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Арман Тіленшин.

Жыл басынан бері облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен кадеттерге арналған 20-дан астам түрлі іс-шара өткізілді. Олардың барлығы оқушылардың патриоттық санасы мен командалық рухын дамытуға бағытталған.

Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің ерлігін есте сақтау ісіне де ерекше назар аударылуда. Батырлық пен Отанға адалдық үлгісін насихаттау мақсатында өңірдің сегіз мектебінде “Жас сақшы” сыныптары мен “Батылдық бұрышы” ашылды.

Мереке аясында ұстаздар мен оқушыларға алғыс хаттар табыс етілді. Іс-шара соңында қатысушылар “Таза Қазақстан” акциясына қолдау білдіріп, мектеп аллеясында қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызды. Бұл іс-шара ұрпақтар сабақтастығының, патриотизмнің және биік мақсаттарға ұмтылыстың нышаны болды.

– Жас кадеттерді қолдаған ата-аналарға алғысымды білдіремін, ұстаздарға кәсібилігі мен тәрбиелеудегі еңбектері үшін ризашылығымды жеткіземін. Ал оқушыларға өз армандарына сенімді қадам басып, күш-жігеріне сеніп, жаңа шыңдарға ұмтылуды тілеймін, – деп қорытындылады сөзін А. Тіленшин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру