Елордада велосипед ұрлығы ашылды: күдікті бейнебақылау арқылы ұсталды
Астана қаласының тұрғын үй кешендерінің бірінде болған велосипед ұрлығы полицияның жедел және тиімді әрекеттерінің арқасында қысқа мерзімде ашылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
25 жастағы күдікті велосипедті тұрғын үйдің үшінші қабатындағы дәлізден ұрлап, оны ломбардқа тапсырған. Шығын көлемі — 560 мың теңге.
Оқиға орнында орнатылған бейнебақылау камералары арқылы Сарайшық ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрыны анықтап, ұстады.
Тергеу нәтижесінде велосипедтің қаладағы ломбардтардың біріне тапсырылғаны анықталып, ол аталған жерден тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын толық көлемде өтелді.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу шаралары жалғасуда. Күдіктінің өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.