СҚО бойынша ҚАЖ департаментінде 15-ке жуық ұлт өкілі қызмет етеді
СҚО бойынша ҚАЖ департаментінде 15-ке жуық ұлт өкілі қызмет етеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
1 мамыр күні елімізде "Қазақстан халықтарының бірлігі күні" атап өтіледі. Әрбір қазақстандық үшін бұл күн Отанға деген сүйіспеншіліктің символы, шынайы патриотизмнің, дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығының бейнесі. Қазіргі уақытта республикада 130 этнос өкілдері тұрады, олардың шамамен 15-і СҚО бойынша ҚАЖ департаментінің бөлімшелерінде қызмет етеді.
Петропавл қаласының №50 мекемесінде әділет старшинасы Федор Смирнов қызмет етеді. Ұлты бойынша — орыс, алайда қазақ тілін жетік меңгерген.
— Мен ауылда туып, өстім. Барлық балалық шағымды қазақтар арасында өткіздім. Мемлекеттік тілді мектепте белсенді оқи бастадым. Кейін тіл үйренуге маған әскердегі достарым көмектесті. Мен әрқашан "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!" деген сөзді ұстандым, — деді Федор.
Федор қазақ тілін білумен байланысты түрлі іс-шараларға бірнеше рет қатысты, сондай-ақ мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Әділет аға лейтенанты Полина Тухбатуллина — татар қызы. Бала кезінен ол погон киюді армандаған және мектепті бітіргеннен кейін ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға түсті. Академияда Полина біртіндеп қазақ тілін үйрене бастады. Қазіргі уақытта Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның №1 пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы қызметін атқарады.
Күрдтер ұлтының өкілі — кіші сержант Ахмет Мустафаев. Ахмет 2005 жылы Түркістан облысында дүниеге келген. 2020 жылы Шымкент қаласындағы мектепті, ал 2024 жылы Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжін "төтенше жағдайларда қорғау" мамандығы бойынша бітірген. Ахмет ана күрд тілінен басқа қазақ және орыс тілдерін де жетік біледі. Қазіргі уақытта ол №52 мекеменің режим бөлімшесінің ақпараттандыру және байланыс тобының бақылаушысы қызметін атқарады.
— Менің ойымша, дәстүрлердегі, мәдениеттегі және тілдердегі айырмашылықтарға қарамастан, әрқайсымыз Қазақстанды өз Отанымыз деп санаймыз, алайда бұл ретте өз тамырларымызды ұмытпаймыз. Біздің міндетіміз бір - ел мен халықтың игілігі үшін қызмет ету, — қорытындылады Ахмет.