Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Елордада тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр

Жыл басынан бері елордада тыныштықты бұзудың 10 мыңнан астам дерегі тіркелді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша 10 157 құқық бұзушылық дерегі орын алды. Бұл – қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстардың өзектілігін тағы бір мәрте айғақтайды.

Тыныштықты бұзу фактілері, негізінен, түнгі уақытта – сағат 23:00-ден таңғы 6:00-ге дейін тіркеліп отыр. Құқық бұзушылар қатарына пәтерлерінде немесе аулаларда музыка дыбысын қатты шығарғандар, көлік ішінен дыбыс күшейткіштер арқылы әуен қосқандар, түнгі уақытта құрылыс немесе жөндеу жұмыстарын жүргізгендер тіркелуде.

Мәселен, көпқабатты үйдің тұрғыны бірнеше рет ескерту алғанына қарамастан,түнгі сағат 01:00-де үйінде музыка дыбысын қатты шығарып, көршілердің тыныштығын бұзған. Оқиға орнына келген учаскелік инспекторлар тарапынан тиісті хаттама толтырылып, жауапқа тартылды.

Сонымен қатар елорда аудандары бойынша учаскелік полиция инспекторларының қатысуымен жедел алдын алу іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Қоғамдық тәртіпті бұзушыларға қатысты құқықтық түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізілуде.

Астана қаласы полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарын тыныштық сақтау ережелерін қатаң ұстануға шақырады. Әсіресе, көпқабатты үйлерде тұратын азаматтардың көршілеріне құрметпен қарап, дауыс деңгейін бақылауда ұстауы –өзара сыйластықтың белгісі.

Тыныштық – бұл жай ғана заң талабы емес, бұл әрбір адамның демалуына, жұмыс істеуінежәне денсаулығына қажетті жағдай.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру