Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанайда полиция мен жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтатын кездесу өтті

Қостанай облысында полицейлер мен жастар арасындағы ашық диалог ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Сералиннің студенттермен кездесуі өтті. Бұл кездесу — жастармен тығыз байланыс орнатуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және ішкі істер органдарында қызмет етуге қызығушылықты оятуға бағытталған кәсіптік бағдар беру жұмыстарының маңызды бөлігі.

Жиын барысында болашақ мамандарға ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктері, кәсіби мүмкіндіктері, әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы жан-жақты ақпарат берілді. Ерлан Сералин мемлекет тарапынан жас полицейлерге тұрақтылық, мансаптық өсуге жол ашықтығы, кәсіби білім алуға жағдай жасалуы секілді бірқатар артықшылықтар қарастырылғанын атап өтті.

Сондай-ақ кездесуде заманауи қауіптер — интернет-алаяқтық, құмар ойындарға тәуелділік, буллинг, синтетикалық есірткілердің таралуы сынды өзекті мәселелер кеңінен сөз болды. Спикер бұл қауіптердің алдын алудың маңызын нақты тәжірибелік мысалдармен жеткізді.

Диалог еркін әрі ашық форматта өтті. Студенттер полиция қатарына қабылдану талаптары, оқу барысында тәжірибеден өту мүмкіндіктері, сондай-ақ цифрлық ортадағы құқық бұзушылықтардан қорғану жолдары жөнінде сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Полиция департаменті жастармен осындай мазмұнды кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұру арқылы құқықтық сауаттылықты арттыруға және жастар мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтуға басымдық беретінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру