101 жастағы ардагерге ҚАЖД қызметкерлері құрмет көрсетті
101 жастағы ардагерге ҚАЖД қызметкерлері құрмет көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагері Алым Кебировті құттықтап, ерекше құрмет көрсетті.
Биыл ғасырдан да асып, 101 жасқа толған майдангерді ұлықтау шарасы оның туған жері – Ұйғыр ауданында ұйымдастырылды. Департамент басшылығы ардагердің шаңырағына арнайы барып, естелік сыйлықтар табыстап, алғысын білдірді. Сондай-ақ соғыс шежіресіндей қазыналы қария құрметіне шағын шеру ұйымдастырылды.
Алым Кебиров 1944 жылы әскер қатарына алынып, 1-Беларусь майданы құрамында жауға қарсы шайқасқан. Белгород, Киев пен Львов қалаларын азат етуге қатысып, жауынгерлік ерлігі үшін Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған.
ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Магнис Сабиров ардагерлерге құрмет көрсету – әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы әрі ар алдындағы парызы екенін атап өтті.
Сонымен қатар ҚАЖД қызметкерлері Жеңіс сарбаздарына арналған монументке гүл шоқтарын қойып, ерлік рухына тағзым етті.
Жүз бір жастың жүгін көтеріп, соғыстың сұрапыл күндерін көзбен көрген ардагердің бүгінде тек бір тілегі бар – елде мәңгілік бейбітшілік орнасын.