Павлодарда полицейлер тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады
Павлодарда полицейлер тыл еңбеккерлерін Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Павлодар облысының полицейлері тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті. ІІО Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев пен департамент бастығының орынбасары Жандос Орынбаев ішкі істер органдарының ардагерлерінің шаңырағына арнайы барып, мерекелік лебіздерін жеткізді.
Қызметтік борыш пен азаматтық парызды абыроймен атқарып, соғыс жылдарында майдан үшін тынымсыз еңбек еткен Қабиден Жетпісов, Николай Зинченко, Қаншаим Көжегүлдинова, Мәдениет Арынов, Егор Маликов және Төлеш Иманжапаров сияқты тыл еңбеккерлері Жеңіс күнімен шын жүректен құттықталды.
– Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында еліміз тыныштыққа жетті. Соғыстан кейінгі бейбіт заманда да қылмыспен күресте батылдық танытып, ішкі істер саласының дамуына зор үлес қостыңыздар. Бүгінгі ұрпақ сіздердің ерліктеріңізге бас иеді, – деп атап өтті Жандос Орынбаев.
Салтанатты құттықтаумен қатар ардагерлерге "Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл" мерекелік медалі мен азық-түлік себеттері табыс етілді.
Тәртіп сақшылары бұл шара – аға буынға тағзым ғана емес, жастарға өнеге мен жадыны сақтау үлгісі екенін атап өтті. Өз кезегінде ардагерлер көрсетілген құрмет пен шынайы ықыласқа риза болып, қазіргі жас буынмен емен-жарқын әңгімелесіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
Бұл – жүректе сақталар жарқын жүздесулер мен рухани сабақтастықтың көрінісі. Ұрпақтар үнсіздігі емес, үнқатуы – мәңгілік жеңістің тірегі.