Атырауда ІІО ардагері Қабдыраш Биғамбаевты еске алуға арналған еркін күрестен республикалық турнир өтті
Атырауда ІІО ардагері Қабдыраш Биғамбаевты еске алуға арналған еркін күрестен республикалық турнир өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласында Ұлы Отан соғысының және Ішкі істер министрлігінің ардагері, милиция полковнигі Қабдыраш Биғамбаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы XIII республикалық еркін күрес турнирі өтті. Жарысқа 2010, 2011 және 2012 жылы туған 200-ге жуық жас балуан қатысып, бозкілемде өзара мықтыны анықтады.
Бұл турнир – тек спорт сайысы ғана емес, жас ұрпаққа Отанға адал қызмет еткен ардагердің ерлігін насихаттауға бағытталған тағылымды шара. Ашылу салтанатында Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев сөз сөйлеп, турнирдің маңызын атап өтті.
– Қабдыраш Биғамбайұлы – халқына жан-тәнімен қызмет еткен тұлға. Оның өмір жолы мен ерлігі жас буын үшін үлгі. Мұндай жарыстар жас спортшылардың патриоттық рухын арттырып, ерлік пен еңбекті бағалауға тәрбиелейді. Бүгінгі бозкілем шеберлері – ертеңгі ел қорғаны, – деді ол.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, арнайы медальдар мен дипломдармен марапатталды.
Айта кетейік, Қабдыраш Биғамбаев 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, 13-атқыштар дивизиясының құрамында бөлімше командирі болып қызмет атқарған. Соғыстан кейін облыстық ішкі істер органдарында бірқатар жауапты лауазымдарды абыроймен атқарып, 12 жыл бойы фельдегерлік қызмет бөлімін басқарды. Оның есімі ел жадында мәңгілік сақталары сөзсіз.