Абай облысында жол сапасына жауаптыларға шара қолданылды
Абай облысында жол сапасына жауаптыларға шара қолданылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі – бұл тек жүргізушілердің ұқыптылығы мен тәртіптілігіне ғана емес, сондай-ақ жол жабынының сапасына да тікелей байланысты. Көп жағдайда жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – тозған және жөндеуді қажет ететін жолдар болып отыр.
Жыл басынан бері Абай облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері 9 мың шақырымнан астам автожолды тексеруден өткізді. Нәтижесінде, 336 шақырым халықаралық және республикалық маңызға ие жолдардың күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталса, 241 шақырым облыстық жолдың техникалық жағдайы да қанағаттанарлықсыз деп танылды.
Ең көп алаңдаушылық тудырып отырған учаскелердің бірі – Бородулиха – Жезкент автожолы. Бұл жерде асфальт қабатының бұзылуы мен жол жабынының шөгуі тіркелген. Ал Семей – Долон – Қоянбай бағыты бойынша жолда көптеген шұңқырлар мен жабынның толықтай тозуы байқалады.
Тексеру қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері 990 нұсқама беріп, жолдардың қалпына келтірілуін талап етті. Алайда қайта тексеру барысында бірқатар тұлғалардың анықталған ақауларды белгіленген мерзімде жоймағаны белгілі болды. Соның салдарынан 90 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Олардың қатарында ҚазАвтоЖол АҚ өкілдері, мердігер ұйымдардың қызметкерлері және аудандық көлік пен автожол бөлімдерінің мамандары бар.
Абай облысының полициясы жол инфрақұрылымының жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізуді жалғастыруда. Жолдарды күтіп-ұстау мен оларды уақтылы жөндеу – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі саналады.