Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семей жастары салауатты өмір салтын қолдады

Семей жастары салауатты өмір салтын қолдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Күш – рухта, тәуелділікте емес. Осындай ұранды ұстанған Семей қаласы тұрғындары жаппай жүгіру акциясына атсалысты. "Каратэ – есірткіге қарсы" атты бұл ауқымды шараға 500-ден астам жас каратэші, олардың жаттықтырушылары, полиция қызметкерлері мен қоғам белсенділері қатысты. Бұл бастама – жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін күш біріктіргендердің айқын үлгісі болды.

Игі шараны Абай облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы ұйымдастырды. Негізгі мақсат – жастарды салауатты өмір салтына бағыттап, оларға нақты үлгі көрсету.

— Біз болашағымыздың нұрлы, есірткіден ада, салауатты болғанын қалаймыз. Каратэ – бұл жай ғана спорт емес. Бұл — тәртіпке, өзін-өзі дамытуға, ішкі рух пен жауапкершілікке тәрбиелейтін өмір салты. Ол жастарды зиянды әдеттерден алыстатып, рухани жетілуге жол ашады, - дейді басқарманың аға жедел уәкілі Гаухар Еспаева.

Жүгіру бағыты Семей қаласының орталық көшелерімен өтіп, қатысушылардың бас алаңда сап түзеп тұруымен мәреге жетті. Полиция қызметкерлері жасөспірімдермен қатар жүгіріп, өз үлгісі арқылы есірткіге қарсы күрес ең алдымен ересектерден басталатынын аңғартты.

Бұл шара қарапайым спорттық іс-шарадан гөрі, рухтың, қозғалыстың, бірліктің есірткіге қарсы жарқын үндеуі ретінде есте қалды.

Абай облыстық полиция департаменті жастар арасында есірткіге қарсы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келеді. Алдағы уақытта түрлі тақырыптық турнирлер, флешмобтар мен квесттер ұйымдастырылып, "Есірткісіз Қазақстан" идеясы кеңінен насихатталмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру