Павлодарда қоян-қолтық ұрыстан чемпион атанған ювеналды полиция инспекторын әріптестері құттықтады
Павлодар облысында қоян-қолтық ұрыстан чемпион атанған ювеналды полиция инспекторын әріптестері құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орынбаев қоян-қолтық ұрыстан чемпион атанған Павлодар қаласы полиция басқармасы солтүстік бөлімінің ювеналды полиция инспекторы Мәдина Жұмабаеваны жеңісімен құттықтады.
– Мәдинаның жеңіп алған алтын медалі – спортшылар мен әріптестерге үлкен үлгі. Бұл жеңіс – оның қызметтегі және спорттағы толағай табыстарының бастамасы ғана. Сізге зор денсаулық, мол табыс, сәттілік және жаңа белестер тілеймін. Сонымен қатар спортқа деген сүйіспеншілік пен адалдықты бойыңызға сіңірген ата-анаңызға шын жүректен алғыс білдіремін, – деп құттықтады Жандос Орынбаев.
Айта кетейік, жуырда Мәскеу қаласында өткен "Достық кубогы – 2025" әлем кубогының кезеңінде Мәдина Жұмабаева өзін-өзі қорғау сайысында өнер көрсетті. Әйелдер арасында өткен бұл жарыста ол жоғары жауынгерлік шеберлік, тамаша физикалық және техникалық дайындық танытып, алтын медаль иегері атанды.
– Ерік-жігер мен ұзақ уақыттық қажырлы жаттығулардың арқасында бұл жеңіске жеттім. Алтын медаль – менің қоржынымда. Бұл менің соңғы жетістігім емес, алдағы уақытта да мақсаттарыма сеніммен жетуді жалғастырамын, – дейді Мәдина.
Мәдина Жұмабаева спортпен 16 жасынан бастап айналысады. Қазіргі таңда ол – бокстан спорт шеберлігіне кандидат, қоян-қолтық ұрыстан жарыстарға тұрақты қатысып, барлық кезеңдерде жүлделі орындарға ие болып жүр.
Әріптестері Мәдинаның бұл жетістігін зор мақтанышпен қабылдап, оған жаңа асуларды бағындыруды, шыдамдылық пен табандылық тілеп, әрдайым құрмет тұғырынан көрінуін қалайды.